Опера – Еуропаның классикалық музыка мәдениетінің ең жоғары жетістігі болып есептеледі. Ең әуелі жазушы операның либреттосын жазады. Либретто операның мазмұны мен оның мәтінінен тұрады. Онан соң композитор оның музыкасын жазады. Опера - көптеген өнер түрлерін бір өзіне топтастырған күрделі жанр. Опералық қойылымда басты рөльде жеке орындаушы-әншілер мен балет әртістері және халық атынан сөйлеуші хор ұжымы болады. Опера тек қана музыка ғана емес, ол бүтіндей театр яғни біртұтас драмалық қойылым. Опералық қойылымды басқаратын режиссер болса, ал симфониялық оркестр және әншілерді басқаратын дирижер болып табылады. Спектакльдің қойылымында суретшілер елеулі орын алады. Өйткені суретші қойылымға лайық сахнаны безендіреді. Сонымен бірге әртистердің де киім үлгілерін жасап шығарады. Сонан соң тігіншілер суретшінің дайындаған үлгілері бойынша киім тігіп даярлайды. Ал гримерлар мен шаштараздар әртистерді сахнаға шығуға дайындап, бет-әлпеті мен шаштарын сәндеумен айналысады. Дыбыс шеберлері мен сахнаға жарық берушілер, басқа да көптеген жұмысшылар операның толық қойылымына түгелдей жұмыла кіріседі. Осындай үлкен ұжым бір ғана опералық спектакль қоюда жұмыла жұмыс жасайды. Ал операны қоюшылар мен орындаушылар өз тыңдармандарына терең мазмұнын жеткізуде барлық күш-жігерін аямайды.